Депутаты Контакты Карта сайта
23.12.2016 г. прошла IX очередная сессия гормаслихата: был принят бюджет г.Караганды на 2017-2019 гг. и ряд других решений. Депутаты провели благотворительную ёлку для 80 детей с особенными потребностями.
img-board-1
img-board-2
img-board-3
img-board-4
img-board-5
img-board-6

1. Жалпы ережелер

2. Мәслихаттар мен әкiмдiктер үшiн белгiленетiн негiзгi талаптар мен шектеулер

3. Мәслихаттарды құру тәртiбi

4. Мәслихаттардың құзыретi

5. Мәслихаттың актiлерi

6. Қарағанды қалалық мәслихатының шешімдері

7. Мәслихат жұмысын ұйымдастыру

8. Мәслихат регламентi

9. Қарағанды қалалық мәслихатының Регламенті

10. Мәслихат сессиясын өткiзу тәртiбi

11. Мәслихаттың тұрақты комиссияларын ұйымдастыру және олардың қызметi

12. Мәслихаттың тұрақты комиссияларындағы көпшiлiктiк тыңдаулар

13. Қарағанды қалалық мәслихатының тұрақты комиссиялары

14. Мәслихат сессиясының төрағасы

15. Қарағанды қалалық мәслихатының кезекті сессиясының төрағасы (төрайымы)

16. Мәслихат өкiлеттiгiн тоқтату негiздерi




http://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Караганда и других городах Казахстана        

Халық пiкiрi

Сізді қоғамдық көліктердегі (таксиден басқа) қызмет көрсету сапасы қанағаттандырады ма?


Нұрлан Дулатбеков, Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы, заң ғылымдарының докторы, профессор: «Күрделі кезеңнің сынақтарынан сеніммен өту жолында»

08.05.2015 г.

Жақында «Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңының аясында Қазақстан Республикасында жергілікті өзін өзі басқаруды одан әрі дамыту» тақырыбында Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті.

Мемлекеттігіміздің болашақтағы дамуы үшін айрықша маңызы бар бағытта өрбіген пікірталас төңірегінде алған әсерлеріміз бен түйген тұжырымдарымыз жөнінде ой бөліскенді жөн көрдік. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында өткен жылдар ішінде мемлекеттік және қоғамдық институттардың қалыпты дамуына ықпал жасайтын, Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңнамалық актілер қабылданды. Осы қатарға Мемлекет басшысының Астана қаласында 2015 жылғы 6 мамырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын белгілеп берген «Ұлт жоспары» бағдарламасын да сеніммен жатқызуға болады.

Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» елімізге «2050» Стратегиясын жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретінін терең сезіне отырып, жергілікті өкілетті органдардың депутаттық корпусы аталған жоспардағы 97, 98, 99 қадамдарға айрықша назар аударуда. Олар – өзін өзі реттеу мен жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін өзі реттеуші ұйымдарға беру.

Мемлекет басшысының ауылдық округ, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетіні, облыс орталықтарында және республикалық маңыздағы қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері жұмыс істейтін болатындығы жөніндегі ұсынысын да қуана қабылдадық.

Мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің стратегиялық жоспарлар мен аумақтық даму бағдарламаларын; бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізуді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын; бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылау бөлігіндегі рөлдерін күшейту, қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері мен мәртебесін заңмен бекіту, мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашықтығын арттыру жөніндегі ұсыныстар да айрықша назар аударуды қажет етеді. Аталған барлық мәселелер қоғам алдына тағы да жергілікті өзін өзі басқару тетіктерін құру мен қалыптастыру проблемасын шешу керектігін ұсынып отыр.

Қазақстан Республикасында шынайы өзін өзі басқаруды қалыптастыруға арналған көптеген жарияланымдар мен еңбектердің, пікірталастардың мазмұнын талдау қалай дегенде де жергілікті өзін өзі басқару туралы арнаулы заң шығару қажет екендігін көрсетіп отыр. Егер Қазақстанды зайырлы демократиялық және әлеуметтік жауапты мемлекет ретінде дамытқымыз келсе, демек, бізге барлық азаматтардың мұқтаждары үдесінен шығатын нақтылы жергілікті өзін өзі басқару институттары керек. Бұл жерде мемлекеттік-әлеуметтік құрылыстың теоретиктері үшін де, практиктері үшін де әлі де шешімін күткен күлбілтелі мәселелер бар…

Жергілікті өзін өзі басқару мәселелерімен тікелей шұғылданған тұлғалардың жақсы есінде, республика Үкіметі мұндай заңдардың жобасын бірнеше рет қарауға ұсынды, дегенмен, ел Парламенті 2000 жылы жергілікті өзін өзі басқару туралы заңның жобасын жетілдіру үшін кері қайтарды, ал 2007 жылдың наурызында Үкіметтің өзі №188 Қаулысымен «Жергілікті өзін өзі басқару туралы» заңның жобасын кері қайырып алды, т.с.с. Көптеген сарапшылар кемшілік ретінде мына мәселелерді тап басып көрсетеді: ұсынылған заң жобалары жергілікті өзін өзі басқаруды қоғамдық ұйымдар және волонтерлік қозғалыстармен бір қатарға қойып қарастырған. Яғни, бастапқыда заңды дайындаушылар жергілікті өзін өзі басқаруды тең дәрежелі әріптес ретінде көрмеген және жергілікті маңыздағы мәселелерді шешуге жауапты, тиісті атқарушы және өкілетті органдары, өзіндік бюджеті және меншігі бар көпшілік өкіметтің органы ретінде жоспарламаған. Оның қызмет барысы үшін қандай да бір нақтылы қаржы негіздері болмады.

Жобаларда жергілікті өзін өзі басқару органдарына бюджет көздерінен қаржы бөлу қарастырылды. Ал жергілікті өзін өзі басқару органдары үшін нақтылы кіріс көздері қайда? Сонда мұның жолы тек коммерциялық кәсіпорындар құру және азаматтардың ерікті салық өтемдері болып шығады. Бірақ, коммерциялық кәсіпорындар құру мамандарға күмәнді болып көрінді, себебі, бұл жағдайда жергілікті өзін өзі басқару органдары жеке сектормен жосықсыз бәсекеге түседі де, сөйтіп жеке кәсіпкерлікті ығыстырады, ал салық жинауда проблемалар пайда болады, өйткені жергілікті өзін өзі басқару органы бір мезгілде кәсіпорынның иегері және реттеуші орган болып шығады.

Азаматтардың ерікті салық өтемдері мүмкіндігі де сынға төтеп бере алмады, өйткені ауылдар мен кенттерде халықтың мейлінше аз қамтылған бөлігі тұрады. Ұсынылған заң жобаларына қатысты басқа да бірқатар сын-ескертпелер болды. Айталық, мынадай маңызды мәселе – жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тиісті кадрлық әлеуетпен қамтамасыз ету. Ашығын айту керек, қалалардағы маман кадрлар мен алыс ауылдардағы кадрлардың арасында үлкен айырмашылық бар. Мұны біз жақында тұрғылықты елді мекендердің әкімдерін сайлау барысында жақсы байқадық. Ашық ақпарат әлеміндегі (БАҚ, ғаламтор) соңғы жарияланымдар аталмыш проблемалардың әлі де орын алып отырғандығын көрсетеді… Осы орайда нақтылы өзіндік бюджет енгізілген жағдайда ауыл, кент әкімдері түпкілікті нәтиже үшін жауап беретін болады, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін кеңейтуде бастамашылық танытуына ықпал етеді деп білеміз.

Ауыл әкімдерінің шаруашылық және әлеуметтік салаларда шешім қабылдау, қолда бар жергілікті ресурстарды – жерді, мүлікті пайдалану мәселелерін шешу, шағын және орта бизнестің өсуіне ықпал етудегі өкілеттіктерін кезең-кезеңімен кеңейте беру қажет. Белгілі бір экономикалық және қаржылық дербестікке ие жергілікті өзін өзі басқару органдары мемлекетке әлеуметтік-экономикалық қайта жаңғыртуларды жүргізуде көмек көрсетуге және жергілікті маңыздағы түрлі мәселелерді шешуге қабілетті болып келеді. Саяси реформалардың күтіп отырған маңызды нәтижелерінің бірі қоғамдастықты саяси шешімдерді қабылдау үдерісіне кеңінен тарту және белсенділігін арттыруға қол жеткізу болып табылады. Осы міндетті жүзеге асыру аясында Қазақстанда бірқатар реформаларды жүргізу жоспарланып отыр. Олар өз кезегінде қазіргі мемлекеттік басқарудың бет-бейнесін анықтап, беделін арттырады, сондай-ақ, қоғам мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының қағидалық негіздерін қалыптастырады.

Үкіметтік емес секторды мемлекеттік қолдауды одан әрі жүзеге асыру саясаты да жаңа белеске шықты, атап айтқанда, үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыру қоғамдық секторды мемлекет тарапынан барынша қаржылай қолдау болып табылады. Сөз жоқ, өкімет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ашықтық және жариялылық негізіндегі байыпты байланыс сыбайлас жемқорлық пен төрешілдік жолына қосымша кедергі қоюға мүмкіндік береді. Бұл ретте, Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру да маңызды.

Жергілікті жерлердегі іс-тәжірибелі мамандардың мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту жөніндегі ұсыныстары да назар аударуға тұрарлық. Бұған мемлекеттік органдардың саяси шешімдерді жоспарлау және қабылдау сатысында қоғамдық кеңестерге ақыл салуы, қоғамдық кеңес ұғымын заңды түрде бекіту, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың қоғамдық кеңестерді тағайындау рәсіміне бастамашы болу мүмкіндігі және т.б. жатқызуға болады.

Елбасы өз сөздерінде мәслихаттардың жұмысын жетілдіру, өзін өзі басқарудың жергілікті проблемаларды шешудегі ықпалды органы ретінде белсенділігін арттыру жөнінде үнемі айтып келеді. Дегенмен, заңгер ретінде, іс-тәжірибесі бар маман ретінде мен республика мәслихаттары қызметінің проблемалық мәселелерін сөз ету, талқыға салу барынша пайдалы, барынша мүдделі болар деп білемін. Оларды шешу мәслихаттардың жергілікті мемлекеттік басқарудың бірыңғай жүйесіндегі жұмысының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, жергілікті орындарда өзін өзі басқаруды дамытуға ықпал етуге тиіс. Біріншіден, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сайланатын мәслихат депутаттарының санын әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының санына сәйкес анықтау ережесі бекітілген.

Аталмыш ереже мен есеп осыдан 15 жыл бұрын қабылданған, біздің ойымызша олар бүгінгі күн талаптарына жауап бермейді. Депутаттар сайлаушылардың көптігі және округтердің қашықтығы салдарынан барлық округті толық қамти алмайды, тұрғындардың жеке мәселелері бойынша кестелі кездесулерін жүйелі өткізе бермейді. Осының барлығы жекелеген алыс ауылдардың сайлаушыларының проблемаларын шешуде барынша қиындық туғызады, содан келіп тұрғындар тарапынан наразылық пайда болады, ол өз кезегінде өңірде әлеуметтік шиеленістің өрбуіне әкеліп соғады.

Бүгінде тұрғындардың санын ғана емес, әрбір облыстың, қаланың және ауданның әкімшілік-аумақтық құрылымын және ерекшелігін ескеру қажет, өңірлердің өкілетті органдары шешуге тиіс міндеттердің күрделілігі артып отырғанын да есепке алу керек. Кей-кейде біздің әріптестеріміз, жоғары өкілетті орган – Парламент депутаттары жергілікті жерлерде депутаттық корпустың санын арттырудың қажеттілігіне күмән келтіріп жатады. Мен көп жылдық тағылымды тарихы бар Санкт-Петербург Заң шығару жиналысында болып қайттым.

Жиналыстың қызметін ұйымдық, заңдық, ақпараттық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру үшін онда 200 қаралы адамнан тұратын аппарат құрылған, тұрақты жұмыс істейді. Мен жиналыс депутатының еңбек келісім-шарты бойынша жұмыс істейтін 5 көмекшіге дейін және қоғамдық негізде жұмыс істейтін 30 көмекшіге дейін ұстауға құқылы екенін айтпаймын… Екіншіден, қазіргі таңда жергілікті өкілетті органдар мен Қазақстан Республикасы Парламентінің бірлескен іс-қимылдары маңызды мәселеге айналып отыр.

Парламентте «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанынан Аймақтық саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңес құрылған, оның мақсаты – жергілікті өкілетті органдармен іс-қимылдың тиімді жолдарын қарастыру. Осы мақсатта Парламент депутаттары халық арасына шығып, көшпелі отырыстар өткізуді дәстүрге айналдырды. Олардың құрамында міндетті түрде жергілікті өкілетті органдар мүшелері – депутаттар да болады. Дегенмен, Парламент депутаттары мен мәслихаттар арасындағы байланыс тек бастамашылық тұрғыда ғана қалыптасып отырғанын айта кетуге тиіспіз.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңда жергілікті өкілетті органдардың өзара, сондай-ақ, Парламентпен бірлескен іс-қимылдарды реттейтін нақты ережелер жоқ. Заңнамалық байланыс тек Парламент Сенатының депутаттарын сайлау жағдайында ғана орнатылған. Маған қазіргі электрондық ақпарат кеңінен қанат жайған жағдайда аталған іс-қимылды заңдық тұрғыда бекітудің соншалықты қажеттігі жоқ, Парламент сайтын аш та, оның жұмысымен таныса бер дегенді алға тартатын бірқатар депутат әріптестерімнің ұстанымы бұл жерде мүлдем түсініксіз.

Біріншіден, әлі де болса біздің барлық азаматтарымыздың, алыс аймақтардың Парламенттің веб-сайтының мазмұнымен таныс болу мүмкіндігі жоқ, өйткені олардың тиісті компьютерлік техникасы да, қажетті ғаламтор байланысы да жоқ. Сонымен қатар, бұл жерде уақыт факторы да маңызды, ал Парламенттің веб-порталындағы ақпарат не соншалықты маңызды емес, не барлық ретте толық емес. Біз бұл мәселелердің барлығы шешілетіндігін, ол үшін уақыт және тиісті негіздеме қажет екенін түсінеміз. Қалай дегенде бұл қадам, біздің ойымызша, республиканың барлық өкілетті органдарының өзара бірлескен іс-қимылына оң әсерін тигізуге тиіс. Алдағы уақытта жергілікті өзін-өзі басқарудың, оның ішінде мәслихаттардың құзыретін кеңейту, олардың рөлін және дербестігін күшейту мәселелерін кезең-кезеңімен шешу көзделіп отыр. Біз осы орайда мәслихаттардың рөлін арттыру, олардың өзара, сондай-ақ, Парламент депутаттарымен бірлескен іс-қимылын үйлестіру мақсатында облыстық мәслихаттардың қалалық және аудандық мәслихаттарға іс-тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсету бойынша міндеттерін заңдастыру қажет деп білеміз.

Жалпы алғанда, әлеуметтік жаңғыру – Қазақстанның барлық жауапты күштері – мемлекеттік органдар, партиялар, қоғамдық бірлестіктер шығармашылық және кәсіптік одақтар, бұқаралық ақпарат құралдары, еліміздің барлық патриоттарының ортақ мәселесі. Алға қойған мақсаттарға жетуде республикадағы жергілікті өзін өзі басқарудың орталық буыны болып табылатын жергілікті өкілетті орган ретінде мәслихаттарға да маңызды рөл бөлінген. Сол тұрғыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алға тартып отырған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге байыпты және сындарлы жауап.

«100 нақты қадам» елімізге «2050» Стратегиясын жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады.

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/06/30/68308

Қарағанды қалалық мәслихаты хатшысының блогі

Қарағанды қалалық мәслихатының karmaslihat.kz веб – сайтына қош келдіңіздер!


Сенім телефоны
Қазақстан республикасының
мемлекеттік нышандары






Контактная информация
  Адрес: г. Караганда, Бейбiтшiлiк бульвары, 39А
Телефон: 8-7212-420234
E-mail: info@karmaslihat.kz
Создание и сопровождение сайта
Hoster.KZ